Ресми сайты

"Астана қаласының Қалалық орта сапасы
және бақылау басқармасы " ММ

Басқарма туралы ережелер

 «Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы»  мемлекеттік мекемесі туралы ереже

 

1.     Жалпы ережелер

 

         1. «Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласындағы мемлекеттік бақылауды және тұрғын үй қорын басқару саласында оған берілген өкілеттіктер шегінде лицензиардың функцияларын, еңбек, жерді пайдалану және қорғау, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы мемлекеттік басқару функцияларының орындалуын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

         2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Еңбек, Жер,  Кәсіпкерлік кодекстеріне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Электр энергетикасы туралы», «Азаматтық қорғау туралы», «Ветеринария туралы», «Өсімдіктерді қорғау туралы», «Өсімдіктер карантині туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

         3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

         4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

         5. Басқарманың егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

         6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

         7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

         8. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Достық көшесі, № 13.

         9. Басқарманың толық атауы – «Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

         10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

         11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Астана қаласының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

         12. Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

           Егер Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осы қызметтен алынған табыс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2.     Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

         13. Басқарманың миссиясы:

1) ведомостволық бағынысты аумақта, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асырған кезде азаматтардың заңды құқықтарының бұзылуының алдын алу;

2) Астана қаласы жерлерінің пайдаланылуына және қорғалуына мемлекеттік бақылауды барынша тиімді жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау бойынша мемлекеттік саясатты дамыту және жетілдіру;

3) тұрғын үй қорын басқару саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, газбен қамту, газды тұтыну жүйелері саласында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде қазандық қондырғыларын жабдықтауда, коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілерде (тұрғын үй қорындағы) жинақталған көтеруші құрылғыларды (лифттер, эскалаторлар, фуникулерлер) қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қадағалау;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

5) Астана қаласының аумағында ауыл шаруашылығы, ветеринариялық бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешен және ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

         14. Міндеттер:

         1) Астана қаласының аумағында салынып жатқан объектілерге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

         2) Астана қаласының аумағында лицензиялауды, аттестаттауды және аккредиттеуді жүзеге асыру;

3) Астана қаласының жер ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

4) жұмыстардың учаскелерін тексеру, қалалық аумақты ашу бойынша бұзылған абаттандыруды қалпына келтірілуін бақылауды жүзеге асыру;

5) тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

6) гендерлік отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру;

7)  қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жоғарылату кезінде гендерлік теңгерім нормаларын сақтау;

8) еңбек, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, тұқым өсіру саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

9) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік техникалық  инспекция;

         10) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының нормаларын сақтау.

         15. Функциялар:

         1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекет ету;

         2) салынып жатқан объектілерде олардың салыну сапасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы мемлекеттік, сондай-ақ мемлекетаралық нормативтердің сақталуына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауды жүзеге асыру;

         3) жеке және заңды тұлғалармен жобалау-іздестіру, сараптамалық, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

         4) объектілерде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушілердің техникалық қадағалау, жобаларды әзірлеушілердің авторлық қадағалау және мердігерлердің (бас мердігерлердің) қадағалау қызметіне бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

         5) құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірісінің басталуы туралы хабарламада көрсетілген деректердің анықтығын белгілеу бойынша тексеруді жүргізу; 

         6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді және сәулет-құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік талаптарды бұзушыларға тиісті шаралар қолдану; 

         7) хабарламаларды қабылдау туралы берілген талондарға, қол қойылған келіспеушілік актілерге, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізе бастағаны туралы келіп түскен хабарламаларға талдау және есеп жүргізу;

         8)  салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілердің сапасын бақылау;

         9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиар функцияларын жүзеге асыру;

         10) лицензия және лицензияға қосымша берген кезде өтініш берушінің біліктілік талаптарға сәйкестігін анықтау;

         11) лицензиялық бақылауды жүзеге асыру, оның ішінде тексерудің нәтижесі бойынша лицензиялау нормаларын бұзушыларға тиісті шаралар қолдану;

         12) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру;

         13) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптамалық жұмыстарын және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шараларын жүргізу;

14) жүргізілген тексерістердің нәтижесі бойынша әкімшілік жазалауды қолдану туралы қаулыны шығару;

15) мыналарға:

мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгіленген режимін сақтауына;

жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алуға жол бермеуге;

жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;

 жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қайта қалпына келтіру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық іс-шаралар кешенін уақтылы және дұрыс жүргізуіне;

 жер учаскелерінің меншік иелері және жер пайдаланушылардың жердің бар-жоғы, олардың жай-күйі мен пайдаланылуы туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға уақтылы беруіне;

жердің жай-күйіне әсер ететін тұрғын үй және өндірістік объектілердің жобалануына, орналастырылуына және салынуына;

жерді жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясының, сортаңдану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердің тозуын туғызатын басқа да үдерістердің салдарын болғызбау және жою жөніндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;

межелік белгілердің сақталуына;

жергілікті атқарушы орган уақытша жер пайдалануға берген жерлердің уақтылы қайтарылуына;

бүлінген жердің қалпына келтірілуіне;

жердің бүлінуімен байланысты жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақталуға және пайдалануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын немесе пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару;

17) егер құрылыс, пайдалы қазбалардың орындарын қазу, объектілерді пайдалану, геологиялық барлау және басқа да жұмыстар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жерді пайдаланудың белгіленген тәртібін бұза отырып жүзеге асырылған болса, сондай-ақ егер жұмыстар сараптамадан өтпеген немесе теріс қорытынды берілген жобалар бойынша жүргізілген жағдайда, оларды тоқтату;

18) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының сақталуына бақылауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтарын анықтау мен жою және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау саласында мемлекеттің мүддесін қорғау;

19) Астана қаласының шегінде сыртқы (көрнекі) жарнаманың мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуын бақылау;

20) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған тауарлардың (жұмыстар мен қызметтердің) жарнамасын жасау, тарату, орналастыру және пайдалану кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын бақылау;

21) әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулының орындалуына бақылауды жүзеге асыру;

22) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында бақылауды жүзеге асыру;

23) құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемдеріне, мерзімдеріне және сапасына сәйкестігі үшін белгіленген мерзімде ақаулардың жойылуын бақылау;

24) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін техникалық тексеруді ұйымдастыру;

25) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу тізбесін, кезеңдері мен кезектілігін айқындау;

26) кондоминиум объектісінің басқару органы ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстардың сметасын келісу;

27) кондоминиумның ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлері бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссияларға қатысу;

28) тұрғын үй қорын басқару саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

29) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газды пайдалану жүйелерін және газ жабдықтарын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде және көтеруші құрылғыларда (лифттерде, эскалаторларда, фуникулерлерде) қазандық қондырғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

30) кондоминиум объектісі үй-жайларының (пәтерлерінің) меншік иелері өтініш жасаған кезде кондоминиум объектісін басқару бойынша есептің бар-жоғына тексеру жүргізу;

31) үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерi тұрғын үй (тұрғын ғимарат) пайдалануға берілген кезден бір ай мерзімде кондоминиум объектiсiн басқару нысаны туралы өзара шешімге келмеген жағдайда – үш ай мерзімге кондоминиум объектісін басқару органының функцияларын жүзеге асырушы қызмет көрсететін ұйымды айқындау;

32) қазандық пен жылу желілерінің (магистралды, орамішілік) жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тексеру жүргізу;

33) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде электр энергетикасы саласындағы әкімшілік істер бойынша материалдардың қаралуын жүзеге асыру;

34) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасының бұзушылықтары бойынша сотқа жүгіну және оларды қарау кезінде сотқа қатысу;

35) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

36) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асыру;

37) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың себептеріне талдау жүргізу және олардың профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

38) өндірістегі жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру;

39) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарға аттестаттау жүргізу;

40) еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау нормативтерiн жетiлдiру мәселелерi бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң уәкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасау;

41) қызметкерлердiң, жұмыс берушiлер мен олардың өкiлдерiнiң еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн қарау;

42) өндiрiстiк объектiлердiң еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингiн жүзеге асыру;

43) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға мерзімді есептердi, сондай-ақ еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі жөнiндегi ақпараттық жүйе базасында еңбекті қорғау мен еңбек қауiпсiздiгiнің жай-күйi мониторингiнiң нәтижелерiн ұсыну;

44) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажеттi ақпаратты беру;

45) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау;

46)  «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

47) уәкілетті органмен келісім бойынша Астана қаласының аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;

48)  Астана қаласының аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

49) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық препараттарды сақтауды, тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;

50) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы жануарларына бірдейлендіру жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды, жануарға арналған ветеринариялық паспортты мемлекеттік сатып алуды және тасымалдауды (жеткізуді) жүзеге асыру;

         51) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;

         52) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру;

         53)  мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруге құқығы бар мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер тізімін бекіту;

         54) Астана қаласының шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

          55)    эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;

56) Астана қаласының шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

57) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;

58) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан: ішкі сауда объектілерінде; жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда); ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда; олардың экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, Астана қаласының шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде; экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша; тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, бағдарларда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында; экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

59) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, қайта жаңарту және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

60) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;

61) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;

 62)   жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы және диагностикасы бойынша ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;

63) ветеринариялық препараттарды сақтауды және тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру, жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөнінде ветеринариялық іс-шаралар жүргізу;

64) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық және басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

65) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

66)  ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлеріне қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;

67) процессингтік орталықтан алынған ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірлерін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды берушілерге олармен беруге шарттар жасасқанға дейін беруді қамтамасыз ету;

68) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

69) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;

70) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес мал қорымын (биотермиялық шұңқырларды) салуды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;

71)    Астана қаласының жергілікті өкілді органына бекіту үшін Жануарларды асырау қағидаларын, Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу;

72)    мүдделі тұлғаларға өткізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

73) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (малды союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;

74) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;

75) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;

76)  жануарлар өсiрудi, жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеудi және өткiзудi жүзеге асыратын өндiрiс объектiлерiн, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндiру, сақтау және өткiзу жөнiндегi ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттiк комиссияларға қатысу;

77) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тiзбесiн бекiту;

78) ауру малдарды санитариялық союды ұйымдастыру;

79) өсімдік шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

80) агенттің, қоғамның қызметін, олардың Қазақстан Республикасының өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

81) сақтанушылардың міндетті сақтандыру шарттарын жасасудан жалтаруы туралы және қоғамның Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасының талаптарын сақтамауы туралы істерді қарау;

82) өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушыдан, сақтандырушыдан, агенттен және қоғамнан сұрату және алу;

83) өздерiнiң бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушының, сақтандырушының, агенттің және қоғамның ұсыну нысаны мен мерзiмдерiн белгiлеу;

84) карантинді объектілердің таралуының есебін жүргізу және уәкілетті орган мен мүдделі тұлғаларға ақпарат беру;

85)  өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілерінде осы объектілердің иелері – жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізуін ұйымдастыру;

86) тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

87) уәкілетті органның қарауына элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарының элиталық тұқымдарды өндіру мен өткізу көлемі жөнінде ұсыныстар енгізу;

88) тұқым шаруашылығы субъектілеріне және тұқым сапасына сараптама жүргізу жөніндегі зертханаларға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті куәлік бере отырып, оларды аттестаттауды жүргізу;

89) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

90) Астана қаласы бойынша тұқымдар теңгерімдерін жасау;

91) ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы саласындағы қажетті ақпарат беруді қамтамасыз ету;

92) құзыреті шегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сақтық және ауыспалы тұқым қорларын қалыптастыруына жәрдемдесу;

93) бастапқы, элиталық тұқым шаруашылығын жүргізу және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын жаппай көбейту тәсімдері мен әдістері бойынша ұсыныстар енгізу;

94) сұрыптық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру, сұрыптық егiстіктердi байқаудан өткiзуді, жерге егiп бағалауды, зертханалық сұрыптық сынақтарды, тұқым сапасына сараптама жүргізу тәртібінің орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

95)  тұқымдардың мемлекеттiк ресурстарының саны-сапасы жағынан жай-күйiн бақылауды жүзеге асыру;

96) «Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес анықталатын квоталар шегінде субсидиялауға жататын тұқымдарды өткізудің шекті бағасын белгілеу;

97) субсидиялауға жататын тұқымдардың әрбір түрі бойынша жыл сайынғы квоталарды:

тұқым шаруашылығы саласында аттестатталған әрбір субъект үшін – бірегей тұқымдар бойынша;   

Астана қаласы үшін – элиталық тұқымдар бойынша айқындау;

98) субсидияланған бiрегей және элиталық тұқымдардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;

99) байқаудан өткiзушiлер мен тұқым сарапшылары кадрларын даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру;

100)  ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi тұқымдарының сұрыптық және егістік сапасына сараптама жүргiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

101) тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың ұсынысы негізінде: субъектiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыруға құқығын куәландыратын аттестаттау туралы куәлігінің қолданысын; тұқымдардың сұрыптық және егістік сапаларына сараптама жүргiзу жөніндегі қызметті тоқтата тұру;

102) мыналар: пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау); пестицидтерді (улы химикаттарды) өткізу; пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдық және фумигациялық тәсілдермен қолдану жөніндегі қызметті лицензиялау;

103) зиянды организмдермен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

104) қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

105) ветеринария және өсімдіктерді қорғау саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету;

106) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және ақпарат алмасуды жүзеге асыру;

107) Астана қаласының аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары туындаған жағдайда бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша шектеулі іс-шараларды немесе карантинді белгілеу туралы шешімдер қабылдау;

108) Астана қаласының аумағында туындаған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеулі іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;

109) ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттауды жүргізуді қамтамасыз ету;

110) мүдделі тұлғаларға өткізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

111)  ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;

112) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

113) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерiн «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы саладағы басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттiк қолдау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

114) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе мен тәртіпке сәйкес зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз ету;

115) арнаулы сақтау орындарын (көмбелерді) салу, ұстау және тиісті жай-күйде сақтау;

116)  тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнайы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылығы, мелиоративтiк және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды нөмiрлiк тiркеу белгiлерiн бере отырып тiркеу, қайта тіркеуден өткізуді жүзеге асыру;

117) тракторлардың және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерінің, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналардың кепілін тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру;

118) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жүргізу құқығына куәліктер беру;

119) тракторларға және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдерге, монтаждалған арнайы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiне, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылығы, мелиоративтiк және жол-құрылыс машиналары мен механизмдеріне, сондай-ақ жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарға ауыртпалықтың жоқ (бар) екендігі туралы ақпарат ұсыну;

120) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылысы машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу;

121) Басқарманың мүліктік және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін құқықтық құралдармен қорғау;  

122) өтініш берушілердің құжаттарын қабылдау және қарау;

         123) құқықтық мәселелерді қарау кезінде Басқарманың мүддесін сотта және өзге де органдарда ұсыну;

124) азаматтарды қабылдауды жүзеге асыру, өз құзыреті шегінде азаматтардың хаттары мен өтініштерін қарау;

125) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қалалық ведомоствоаралық комиссиялардың жұмысын үйлестіру;

126) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жүргізу;

         127) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

         16. Құқықтар мен міндеттер:

         1) Басқарма құзыретіне кіретін өндірістік қызмет мәселелері бойынша жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ету үшін Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерімен өзара қарым-қатынасқа түсу;

2) меншік нысанына қарамастан,  мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен кәсіпорындардан Басқармаға жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратқа, құжаттар мен материалдарға сұрау салу және алу;

         3) Басқарма қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

         4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы субъектілерінен салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөнделіп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпаратқа сұрау салу және алу;

         5) танысу үшін тапсырыс берушілерден аталған құрылыс бойынша қажетті жобалау және атқарушы құжаттамаларын, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптамалық қорытындысын алуға сұрау салу және алу;

         6) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөнделіп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз кіру және онда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарына жедел инспекциялауды жүргізу;

         7) бақылау және қадағалаудың өзге нысандарын жүзеге асырған кезде объектілерге бару;

8) жол берілген бұзушылықтарды анықтаған кезде Басқарманың функционалдық міндеттеріне сәйкес орындауға міндетті нұсқама шығару;

         9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының белгіленген талаптарын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;

         10) сотта талапкер және жауапкер болу;

         11)  нұсқаманың талаптарын орындамаған жағдайда азаматтық және әкімшілік іс жүргізу тәртібінде: нұсқаманың талабын мәжбүрлеп орындау туралы, нұсқаманың талабын орындағанға дейін қызметін тоқтату және тыйым салу туралы талап қою;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шеңберде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасау және істерді қарау;

13) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа талап-арыз дайындау және беру;

14) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға, құрылыс объектілеріне кедергiсiз кіру, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың меншiгіндегi және пайдалануындағы жер учаскелерін тексеру, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектілер алып жатқан жер учаскелерін оларға кiрудiң белгіленген режимін ескере отырып, тексеру;

15) жерге құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұру;

16) құқықтарды және Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін сақтау;

17) жұмыс берушілермен орындау үшін міндетті нұсқамалар, қорытындылар беру, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулы жасау, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жазалар қолдану;

18) ұйымдардың, жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметі және жабдықтардың, тетіктердің пайдаланылуы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келмейтіні анықталған жағдайда, оларды үш күннен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзім ішінде міндетті түрде сотқа талап-арыз бере отырып, тоқтата тұру (тыйым салу);

19)  жұмыс орындарында белгіленген талаптарға сай келмейтін арнаулы киімнің, арнаулы аяқ киімнің және басқа да жеке және ұжымдық қорғану құралдарының берілуі мен пайдаланылуына тыйым салу;

20) жұмыс берушіге (оның өкіліне) хабарлай отырып және тиісті акт жасау арқылы арнаулы киім үлгілерін, пайдаланылатын немесе өңделетін материалдар мен заттарды талдау жасау үшін алу;

21) өндірістегі жазатайым оқиғаларды белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру;

22) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан, нұсқау беруден, білімін тексеруден өтпеген қызметкерлерді жұмыстан шеттету үшін жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беру;

23) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруге қатысу;

24)  шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру кезінде белгіленетін айрықша талаптардың орындалуына тексеру жүргізу;

25) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылау жүргізуінің толықтығы мен дәйектілігін бақылауды жүзеге асыру;

26) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу;

27) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, мемлекеттік еңбек инспекторларының актілерін жұмыс берушілердің орындамауы фактілері бойынша тиісті құқық қорғау органдарына және соттарға ақпарат, талап қою және өзге де материалдарды жіберу;

28) Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары саласындағы заңнама талаптарын сақталуына белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде тексерулер жүргізу және өзге де нысандағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

29)  Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын тексеруді уақтылы және сапалы жүргізу;

30) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында осындай бұзушылықтар туралы жұмыс берушілерді (олардың өкілдерін) хабардар ету, кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізу;

31) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін уақтылы қарау;

32)  Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының бұзылуына әкеп соғатын себептер мен мән-жайларды анықтау, оларды жою және бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар беру;

33) өндірістегі жазатайым оқиғаларды және кәсіптік ауруларды тексеруге қатысу;

34) мемлекеттік құпияны, еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу;

35) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезінде азаматтармен және қызметкерлердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасасу;

36) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

 

3.     Басқарма қызметін ұйымдастыру

 

         17. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

         18. Басқарма басшысын Астана қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

         19. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма басшысы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасары (орынбасарлары) болады.

         20. Басқарма басшысының өкілеттігі:

         1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды,  жауапкершілік дәрежесін белгілейді;

         2) Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

         3) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жазалар қолданады;

         4) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды және дербес жауапкершілік алады;

         5) өз құзыреті шегінде Басқарманың қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтарды шығарады;

         6) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша құқықтық актілер мен басқа да құжаттардың әзірленуін  бақылайды;

         7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуына бақылауды жүзеге асырады, оны бұзу фактілерін қарайды және өз құзыреті шегінде олар бойынша шешімдер қабылдайды;

         8)  өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарманы ұсынады;

         9) әкімшісі Басқарма болып табылатын төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) қаржыландыру жоспарын бекітеді;

         10) Басқарманың бөлімдері туралы ережені және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді.

         21. Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

         22. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

 

4.     Басқарманың мүлкі

 

23. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, Басқарманың жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

24. Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

25. Басқармаға бекітіліп берілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

26. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгеше көзделмесе Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті, өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

                                                                        

5.     Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

 

27. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі: 

 

1) Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астана ветсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;

2) «Өркен қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

_________________________